Қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіру

“Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның 2-бабының 20) тармақшасына сәйкес қызметтік тұрғын үй деп мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының қоныстануына арналған ерекше құқықтық режимдегі тұрғын үй түсініледі.

Қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның 109-бабы 2-тармағының негізінде жүзеге асырылады, оған сәйкес мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен судьялар, егер олар мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзімін қоса алғанда) кемінде 10 жыл жұмыс істеген жағдайда, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

Аталған бап, сондай-ақ жұмыс мерзіміне қарамастан, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіруі мүмкін болатын жағдайларды, еңбек қатынастары мынадай жағдайларда тоқтатылған кезде де белгілейді:

1) ұйым таратылған, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда;

2) одан әрі жұмысқа кедергі келтіретін ауруына байланысты;

3) зейнетке шығуына байланысты.

4) қызметтік тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс мерзіміне қарамастан, оның отбасы мүшелеріне ауысады.

Қызметтік тұрғын үйді Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы азамат, егер ол аталған пәтерде кемінде 5 жыл тұрса, жекешелендіруі мүмкін.