Құрметті шаһар тұрғындары!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемгі күн мен түннің теңелуі – бүкіл қазақстандықтар асыға күтетін және ерекше атап өтетін айтулы мереке.
Халқымыздың ұлы мәдениеті, бай салт-дәстүрі көрініс тапқан Наурыз мейрамы Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін ұйыстырған ұлық мейрам.
Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданатын тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.
Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады.
Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты біріктіретін жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Себебі бұл күн – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.
Бүгінде Әз-Наурыз ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі мейрам. Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.
Осынау шаттығы мол шұғылалы мерекемен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, бақ-береке. толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Әрдайым отбасыларыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін!
Ұлыс оң, ақ мол болсын!